Қостанай қ., 9 ш., 9А ү.
РусКаз

Ғылыми-әдістемелік жұмыс

«Ыбырай – туған жердің азаматы, гуманист және демократ» атты эссе байқауы

«Ыбырай – туған жердің азаматы, гуманист және демократ» атты эссе байқауы
№7 жалпы білім беретін мектебінің 5 Г сынып оқушысы Акылканова Аида  Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай 5-8 сынып аралығында өткен «Ыбырай – туған жердің азаматы, гуманист және демократ» атты облыстық эссе конкурсының қалалық кезеңінде 3 орынды жеңіп алды. Аида өзінің ақылдылығымен, ойын толық жеткізе білгендігімен эссе жұмысы жоғары бағаланды. Эссе конкурсына дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ибраева А.А. ның жұмысын да атап өтуге болады.
Эссе
Қазақтың ұлы ұстазы – Ыбырай Алтынсарин.
 
Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін апайым Ыбырай Алтынсарин жайлы эссе жазуды тапсырғанда, қандай қырын жазсам екен деп көп ойландым, ақыры, Ыбырайдың жалпы мектеп ашу ісін көбірек оқып, соған тоқталғанды жөн көрдім.

Алтынсарин атамыз  біріншіден,  қазақ елінің тұңғыш ұстазы деп білемін, ағартушы, балалар әдебиетінің атасы, ақын, жазушы, публицист. Көкірегімді керіп мақтанатындай ұлы тұлға, менің жерлесім. Қазақ балалары үшін ешқандай қиындыққа қарамай мектеп ашқаны, елінің қамын жеген, ұлтының болашағын ойлаған қаһарман. Алғаш мектеп есігін оқушыларына жылы да жұмсақ сөздерімен, иманжүзді көңілімен айқара ашып қабылдағанын оқыдым. Кезінде мұсылманша хат таныған, дүмше молданың таяғына шыдаған балалар үшін жаңа бағытта білім алу, тың жаңалық болғаны анық.  Небәрі үш айдың ішінде балалар хат танып, жазып, оқи алатын дәрежеге жеткенін  Ыбырай атамыз мақтанышпен Ильминскийге жазған хатын оқығанымда білдім. Жүрегімде сондай тебіреніс пайда болды, Ыбырай атамыздың ерлік ісіне таң қалдым. Хатында, алдына келген оқушыларын жақсы көргені, олардың білімге құштарлығын, өз жұмысына көңілі толатындығын ашық жазған.

Ыбырай Алтынсарин қазақ елінің көптеген елді мекенінен мектеп ашқан Торғайдан, Қостанайдан, сонау Ырғыздан да мектеп ашқан. Ырғызды аралап,  одан кейін Қостанайға келу, қыстыгүні ат арбамен боранда, аязда жүру мұның бәрі қандай азапты жұмыс екенін көздеріңізге елестетіңіздерші! Ол кезде маман жоқ барлық тауқымет Ыбырай атамыздың  мойнына түскен. Сол кездің өзінде сыныпта журналдар пайда болған, қоңырау пайда болған, мектепті бітірді деген табель, мақтау грамоталары пайда болған, оған дейін мұндай құжаттар болған емес. Әрине, қазір айтуға жеңіл көзіміз үйреніп кетті. Европа елдерінде сол заманда қандай пәндер оқытылса, Ыбырай алғашқы рет қазақ даласында Қостанайдың қаласында мектепте  химия, физика,  алгебра, медицина, риторика сияқты пәндерді енгізген. Зайырлы мемлекеттегі мектептердің үлгісін жасаған. Ол мектепте балалардың интернатта жатып оқитын орны болды, асханасы болды, кітапханасы болды, ұстаханасы болды. Сол кезде мұғалімдерге де жағдай жасап интернаттан орын берген екен. Бала оқыту ісін қолға алып қана қоймай, оқулық дайындаған. 1879 жылы қазақ хрестоматиясын дайындаған, кітаптың алғашқы бетінде балаларды білімге шақырып,  Кел, балалар, оқылық! деп жазады. Ыбырайдың Кел, балалар, оқылық! деген ұраны қазіргі кезде көптеген мектептердің маңдайшасында  ілулі тұр. Осының бәрін ой елегінен өткізіп қарасақ, шын мәнінде, Ыбырай Алтынсариннің жасаған ісі, жүрген ізі батырлық, батылдық деп айтуға болады. Отанын, елін, жерін, халқын сүйген, нағыз отансүйгіштіктің,  патриотизмнің үлгісі екенін достарына жазған хаттарынан білуге болады. Тек хаттары емес, ісінен де көрініп  тұр ғой. Бар қиындыққа қарамастан, зор құлшыныспен, табандылықпен еңбек еткенін көруге болады. Оқыған адамның көп нәрсеге қолы жететінін түсінген Ыбырай  газет те шығаруды қолға алған. «Қазақ» деген атпен  4 беттік газетті дайындап, әр бетіне жазылатын мақалаларын дайындап алып барғанда, Ресей патшалығы газеттің шығуына рұқсат бермеген, өйткені, қазақ халқы газет оқыса, көзі ашылады, оянады деп ойлаған,  білімді болғанын қаламаған.      

Мектептер ашылғанымен Ыбырайға оңай тимегені анық, көлденең кедергілер көп кездеседі. Оқудың парқын түсінбеген ауылдастары оны орысшылсың деп айыптайды. Ыбырай бала оқытумен қатар, сол кездегі қазақ қоғамын арандатушылармен де күреседі. Ыбырай атама қысым болған, жұмысынан шеттеткен, өмірінің соңында соққыға жығып, қатыгездік ұйымдастырылғанын да оқыдым, қандай өкінішті!. 1884 жылы жазған хатында «ең болмаса маған Алла тағалам 5 жыл өмір берсе, біраз нәрсені үлгертер едім» деген. Өзі Құдайдан сұрағандай 5 жыл 5 айдан кейін ұлы ағартушы өмірден өткен. 1889 жылы 17 шілдеде Ыбырай Алтынсарин ауыр науқастан қайтыс болады. Дала уаялаты газетінде Ыбырай Алтынсариннің ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болды делінеді. Ыбырай атамыздың замандасы Ғабдуллай Балғымбаев өз естелігінде: «Ол кездегі медицинаның дәрменсіздігі болар, Ыбырай үндемей жатып оралмас сапарға аттанды. Ауырып жатқанында ешкіммен ешнәрсе туралы сөйлескен жоқ, ешқандай өсиетте қалдырмады» деп жазады. Қарап отырсам, сол кезде ел ағартушылары, ақын-жазушыларымыз ерте қайтыс болғанын аңғардым, неге олай? деген сауал қойдым өзіме. Оқи келе түсінгенім, ол кезде адамдар ат арбамен қыстың күні елдерді аралап, күн демей, түн демей, айлап жолда жүрген, соның салдарынан  кеудесіне салқын тигізгені, қиын – қыстау заман болғаны, көліктің болмағаны себепкер болған шығар деген ойға тоқталдым. Ұлтын, қазағын  білім ғылым көкжиегіне жетелеген ғұлама ұстаз, ұлы ұстаз небәрі 48 жас жасаған. Алғашында Ыбырайдың басында тек белгі тас қана болған екен. Кейін қызыл кірпіштен шағын кесене салынады. Бірақ соңғы жылдары тоза бастағандықтан, жергілікті халықтың бастауымен, қызметте отырған ағалардың қостауымен бұл жерге ұстаздың кесенесі салынған. Кесене Маңғыстаудан әкелінген тастардан тұрғызылған деген дерек бар. Торғай даласындағы  ағартушының  шәкірттері үшін бұл мекен қашаннан қасиетті, киелі. Торғайда ашылған мектебінде қазақтың көрнекті ірі тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы да  Ыбырайдың мектебінен білім алған, Ыбырайдың ілімін жалғастырушылар. Алыстан мен мұндалайтын ақ кесенені менде көрдім, бірақ арнайы барып көрмеппін. Осы шағын ғана жазылған эссемде Ыбырай атам жайлы өз ойымды, оқығанымды, көңілге тоқығанымды жеткізуге тырыстым.  Ендігі мақсатым, Ыбырай атам жатқан кесенеге барып, дұға бағыштау менің міндетім деп білемін!
                                                                        
 
 
 
                           Серікбай Оспанұлы «Ұлы Ұстаз Ұлағаты», Қостанай - 2014ж
1864 жылы 16 наурызда Ыбырай Алтынсариннің Н.И.Ильминскийге жазған хатынан алынған деректер
                                                                      Акылканова Аида
                                                                           5 Г сынып оқушысы
                                                                     Қостанай қаласы
                                                                   №7 орта мектебі
                                                                                      Ибраева Айгүл Аронқызы
                                                                               қазақ тілі мен әдебиеті
                                                                                        пәні мұғалімі