Қостанай қ., 9 ш., 9А ү.
РусКаз
Экранный диктор

Ғылыми-әдістемелік жұмыс

Жас ұрпаққа арналған жаңа графика

Жас  ұрпаққа арналған жаңа графика
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
       
   Жаңа әліпбиге көшу үрдісі жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет, деді Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша өткен кеңесте.
       
  "Негізінде, бұл графика жас ұрпаққа арналған деп айтуға болады. Оның игілігін, ең алдымен, солар көруі керек. Сондықтан, бұл үрдіс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет"– деді президент.
       
  Осыған орай, жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.
      
   "Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек", — деді Асқар Мамин.
      
   Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.      
        
  Дегенмен, қазіргі таңда қазақ қоғамында латын әліпбиіне байланысты түрлі пікірталас орын алып отыр. Әліпби мәселесіне қатысты тілші де, әдебиетші де, жазушы да, математик те, экономист те өз ойларын білдіруде. Бұл қазақ қоғамының тіл мәселесіне жанашырлық танытуы, бей-жай қарамауы деп түсіну керек.     
     
  Ең алдымен жаңартылған әліпбидің бұған дейін әзірленген әліпбилерден айырмашылығына тоқталайық:
- Жаңа жетілдірілген әліпби нұсқасы 31 әріптен тұрады. Оның құрамында берілген әріптердің орналасуы дәстүрлі нормаға сай. Әліпби құрамында умлаут, бревис, макрон, седиль секілді диакритикалық таңбалар пайдаланылады. Бұл диакритикалық таңбалар әрбір дыбыстың ерекшелігіне байланысты қолданылады. Алғашқы бекітілген әліпбиде акут диакритикалық таңбасы қолданылды. Әліпбиде акут таңбасы дауысты дыбысқа да, дауыссыз дыбысқа да қойылған болатын. Жалпы, акут белгісі - дауысты дыбыстың ерекшелігін айқындайтын таңба. Сондықтан ұсынылған соңғы әліпби нұсқасында акут белгісі алынып, оның орнына 4 диакритикалық таңба енгізілді.
       
  Жаңартылған әліпбидің тағы бір ерекшелігі «бір дыбыс – бір таңба». Алғашқы бекітілген нұсқада Ш таңбасы екі әріппен ұсынылғаны белгілі. Ш дыбысының мәтін ішінде қолданылу жиілігі жоғары болғандықтан, оны екі таңбамен беру көптеген қиындықтар тудырды. Мәселен, ashana (асхана) деп жазылған сөз «ашана» түрінде, Ashat (Асхат) сөзі «Ашат» деп оқылды. Міне, осындай жайттар дыбыстың оқылуына да, жазылуына да қиындық тудырды. Ұсынылған жаңа әліпби нұсқасында «бір әріп – бір дыбыс» принципіне сай Ш таңбасы Şş таңбасымен ауыстырылды. Осылайша жаңартылған әліпби әлдеқайда жеңілдей түсті.

Тағы бір өзгеріс Ң дыбысына қатысты қолданылған белгі. Бұл ретте Ꞑ деген таңба беріліп отыр. Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі Н мен Ң-ды ажырата алмайды. Ал қазақ тіліне тән мұрынжолды Ң дыбысының ерекшелігін жоғалтып алмау үшін сәл бөлектеу Ꞑ таңбасын енгіздік. Бұл таңба халықаралық стандарт бойынша мұрынжолды дыбыстарға беріледі.
         
Жаңартылған әліпбиге төрт бірдей диакритикалық таңба енгізілді.
- Диакритикалық таңбалар - жеке әріптің ерекшелігін көрсету немесе нақтылау үшін қолданылатын белгілер. Көптеген зерттеушілер бұл таңбаларды «тілдің дыбыстық ерекшелігін айшықтайтын тəсіл» деп қарайды. Диакритикалық таңбалар әріптің үстінде, астында орналасып, дыбыстардың жіңішкелігін не созылыңқылығын, әуезділігін, ұзақтығын және тағы басқа ерекшеліктерін айқындауда пайдаланылады. Әліпбиде жіңішке дауысты Ә, Ө, Ү дыбыстары умлаут, жуан дауысты Ұ дыбысы макрон, ұяң Ғ дауыссыз дыбысы бревис, ызың Ш дауыссыз дыбысы седиль таңбасымен беріледі.
Умлаут диакритикалық белгісі латын әліпбиінде жазатын көптеген тілдерде бар. Мысалы, швед, неміс, фин, венгр, түрік, әзербайжан және басқалары. Бұл таңба жіңішке дауысты дыбысты беруде жиі қолданылады. Әліпбиде умлаут таңбасы Ә, Ө, Ү секілді жіңішке дауыстылардың үстінен қойылады. Бұл таңба қазақ тіліне тән жіңішке дауыстыларды айқындауда маңызды қызмет атқарады.
         
Әліпбиде қолданылған ерекше таңбалардың бірі – седиль. Бұл диакритикалық таңба француз, португал, албан, чуваш, румын, әзербайжан, өзбек, түркімен, түрік және тағы басқа тілдердің әліпбилерінде қолданылатын белгі. Бұл таңба, негізінен, ызың дауыссыз дыбысты таңбалау үшін жиі пайдаланылады. Седиль (ілмек) кейбір дауыссыздардың астына айтылуындағы ерекшелікті көрсету мақсатында қойылады. «Седиль» атауы Z әрпінің атауынан шыққан. Француз тілінде седиль [cédille], португал тілінде [cedilha], ал каталан тілінде «ce trencada» деп аталады. Седиль ең көп таралған белгілер қатарына жатады. Бұл таңба ескі испан тілінде аффрикат /ц/ дыбысын белгілеу үшін қолданылған. Бұл таңба француз, португал, каталон, окситан сияқты басқа тілдерде жазу үшін қабылданған. «Жіңішке» дыбысты бейнелейді. Түрік, албан, әзербайжан, башқұрт, татар, түрікмен, чуваш және тағы басқа елдердің әліпбиінде аффрикат дыбысты немесе ызыңды білдіру үшін қолданылады. Сол сияқты бұл таңба румын тілінде де кеңінен пайдаланылады. Біздің әліпби нұсқасында да бұл диакритикалық таңба (Şş) ызың дыбыстың (Шш) белгісі ретінде қолданылған.
          
Дауысты дыбыстарға қатысты диакритикалық таңбалардың бірі – макрон (грек. «μακρόν» – «ұзын», «ұзақ»). Макрон таңбасы халықаралық әліпбиде жуан дауыстыны белгілеуде пайдаланылады. Диакритикалық таңба әріп үсті қойылатын таңбалар қатарына жатады. Ұсынылған жобада макрон таңбасы жуан Ұ (Ū ū) дауыстыны беруде пайдаланылып отыр.
         
Дауыссыз дыбыстарға қатысты қолданылатын диакритикалық белгілердің бірі – бревис таңбасы. Бұл таңба халықаралық практикада қысқа дыбысты беруде қолданылады. Қазақ тіліндегі Ғғ дыбысы айтылу орнына қарай тіл фонемалары, оның ішінде қысқа айтылатын тіл арты фонемасына жатады. Сондықтан беріліп отырған бревис таңбасы дыбыстың ерекшелігіне толық сай келеді.
       
 Сонымен жаңа әліпбидің құрамына енген 4 диакритикалық таңба тіліміздегі кейбір дыбыстардың ерекшелігін айқындауда үлкен рөл атқарады. Әрі көпшіліктің бұл таңбаларды меңгеруіне де септігін тигізеді деген ойдамыз.
      
 «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» – деген  екен ғұламалар.  Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін өте маңызды.
 
Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы Қостанай қаласының білім бөлімінің" №7 жалпы білім беретін мектебі" КММ  
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өтеулі Абат Төлегенұлы.